Қан тамыры қысымы ауруынан қалай сақтану керек және оның алдын алу жолдары қандай?
Адамдар салауатты өмір салтын ұстана бермейді. Соның салдарынан қан қысымы ауруына шалдығып, еңбекке жарамсыз болып қалған жастар көбейген.
Ал республика бойынша адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде қан қысымы бірінші орында тұр екен. Екінші орында – ауыр дене жарақаттары, соңғысында – қатерлі ісік аурулары. Сондықтан дәрігерлер аурудың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап келеді.
Ауру жас талғамайды
Қан қысымының қалыпты көрсеткіші тонометр бойынша 120/80 болуы керек. Егер тонометр тілі 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130 көрсететін болса, бұлар қан қысымы көтерілуінің екінші және үшінші сатысы деп саналады. Әсіресе, үшінші сатысы науқас үшін өте қауіпті саналады.
Адам ағзасындағы қан айналымы бұзылса, жүрек қан тамырлары тартылып, жіңішкергенде, қаны қоюланса қысым көтеріледі. Бұл көбіне аз қимылдайтын адамдарда жиі кездеседі. Бір орында көп отыратын немесе кешке дейін бас көтермей төсекте жататын адамның ағзасындағы, тамырлардағы қан қоюланады да, ішкі температураның әсерімен қысымы жоғарылайды. Осындайда адамның басы ауырып, мазасы кетеді.
Ал қан қысымының ауруының алдын алғысы келетіндер көп қимылдап, көп жүріп-тұруы керек. Адам қимылдаған сайын оның ішкі энергиясы да қуаттанып, іске қосыла бастайды.
– Кез келген ауру тұқым қуалайды. Ал тұқым қуалайтын аурумен күресу қиынға соғады. Өйткені ата-анасынан берілген аурудың белгілері о бастан болуы мүмкін. Сондықтан қан қысымы тек орта жастан асқан адамдарда ғана пайда болады деген түсінік қате.
Қан қысымының көтерілу себептері
– Қан қысымының көтерілуіне көбіне тұрмыстағы кикілжің, әлеуметтік жағдай, темекі шегу, арақ ішу, артық салмақ, жүйкенің сыр беруі әсер етеді. Әр адамның өз денесіне сай қан қысымы бар. Бірақ 140-тан асқанда дәрігерге қаралып, ем жүргізуді бастау керек. Мұндай қан қысымымен тіркелген адамды дәрігер үш айдан алты ай аралығында бақылауға алып, ем жүргізеді.
Ал дәрігердің тіркеуінде тұрмайтын адамдар үшін емханаларда скрининг тестер жасалып тұрады. Адамдар екі жылда бір рет келіп, скрининг тестен өтіп, анализ уақытында тапсырса дәрігер арудың алдын алады. Яғни, холестерин мен қанттың қан құрамында қалыпты болуын қадағалайды.
Алдын алудың бірден бір жолы скрининг тестен өту ғана емес, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Өйткені қан қысымының көтерілуі көптеген аурудың асқынуына әсер етеді.
Қан қысымы ауруының алдын алуға болады
– Қан қысымымен тіркеуде тұрғандар өздеріне тегін берілетін дәрі-дәрмек уақытында болмай қалса, сатып алмай, қолындағысын үнемдеуге тырысады. Сөйтіп қан қысымы қалыпты болып тұрғанда ішпейді. Соның салдарынан жіңішкерген қан тамырлары кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін екенін ойлай бермейді.
Сонымен қатар қан қысымы ауруының алдын алудың бірден бір жолы – кешкі уақытта жарты сағат болсын жаяу жүріп, серуен құру. Күні бойы аяғына тыным жоқ адамдар көп жүрдік деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Бірқалыпты жүріспен 500 метр болсын жаяу жүру денсаулыққа өте пайдалы.
Ал кейбір адамдар қан қысымының жоғарылағанын сезбестен жүре береді. Бұл өте қауіпті. Өйткені үлкен қан қысымы жүрек қалқаншасын кеңейтіп жібереді. Тіпті таңертең қан қысымы қалыпты болып, кешке ғана көтерілетін болса да емделу керек. Өйткені адам кез келген уақытта инсульт алуы мүмкін.
Сондықтан бас айналғанда, құлақ шулағанда немесе жүрегі айнып, құсқысы келгенде бірден қан қысымын өлшеп, дәрігерге қаралу керек.
Қауіпті жоғары қан қысымының белгілері:
Бастың жиі ауыруы;
Қатты жүрек соғысы мен шамалы салмақ түскен кезде демігудің пайда болуы;
Әлсіздік пен бас айналу;
Анда-санда сол жақ иық пен кеуденің ауыруы.
Бүл айтылған белгілердің барлығы басқа бір себептердің де әсерінен болуы мүмкін. Сондықтан қан қысымыңыздың көтеріліп кеткендігіне күмәніңіз болса, онда өлшетіп, тексерілу үшін дәрігерге қаралғаныңыз жөн.
Қан қысымы төмен болғанда не істеу керек?
Қан қысымының жоғарылауы туралы жиі сөз қозғалғанымен, оның төмендеуі жөнінде аз айтылады. Өйткені қан қысымының төмендеуі едәуір сиректеу кездеседі. Дегенмен бұл дертті де назардан тыс қалдыруға болмайды.
Қан қысымының төмендеуін медицинада "гипотония" деп атайды. Егер әйел адамның қалыпты қан қысымы – 95/60-тан, ал ер адамдарда - 100/95-тен төмендесе, бұл гипотония болып есептеледі. Қан қысымының төмендеу белгілері біртіндеп дамуы да, аяқасты ұстама түрінде білінуі де мүмкін. Осыған сәйкес медицинада "жіті артериялық гипотония" және "созылмалы гипотония" деген бар. Ол бас миының қанмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілмеуіне және осының салдарынан ми мен ішкі ағзалардағы оттегінің жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Сондықтан бұл дертті дер кезінде емдемесе болмайды.
– Көбіне аурудың белгісі ретінде ұзақ отырып, тез түрегелгенде немесе таңертеңгі кездері басының аздап айналатынын айтады. Бірақ бұны қан қысымының төмендігімен тығыз байланысты деу қиын. Қан қысымы жоғары адамдарда да осы белгілер байқалады. Бұған қан қысымының реттелу жүйесінің қысқа мерзімді бұзылуы себеп болуы мүмкін. Артериалды гипотониямен ерлерге қарағанда, көбіне әйелдер ауырады және көп жағдайда сырқат белгілерін 20-40 жас аралығында сезіне бастайды. Физикалық белсенділіктің аздығы да қан қысымының төмендеуіне себеп бола алады. Мұндай жағдайдың алдын алуға қан айналымы жүйесін абайлап жаттықтыру шаралары көмектеседі: спорттық жаттығулар, салқын душ, көбірек су ішу. Осындай жеңіл шараларды үнемі қолданып отыру керек.
Ал қан қысымы сыр берсе, жедел жәрдем қызметкерлері жүректі электрокардиограммаға түсіріп, коронарография орталығының дәрігерлерімен тәуліктің кез келген уақытында байланысқа шығып, диагнозын анықтай алады. Қажет болған жағдайда коронарография орталығына жіберіп, бітелген тамырды ашады.
Науқасқа төрт ай ішінде аурудан айығып, жұмысын жалғастыра беруіне болады.
Бір ескеретін жайт, мемлекеттік медициналық мекеменің көмегіне жүгінген сырқат адам үнемі бақылауда болады.
Адамдардың көбі өз денсаулығына жауапсыздықпен қарайды. Соның салдарынан инфаркт, инсульт көбейген. Одан әрі қант диабеті, көз ауруын қоздырады. Ал аурудың көбеюі еңбекке жарамсыз жастардың қататырн көбейтті. Бір жағынан экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді. Өйткені оларға мүгедектік берілген соң, зейнетақы төленеді. Науқастардың дені ауруы асқынған кезде дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ол кезде қолымыздан келгенше көмек көрсеткенмен науқасты емдеп жазу мүмкін емес.
Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қан қысымының алдын алуды, салауатты өмір салтын ұстануды көбірек насихаттаған жөн.
Гипотонияның белгілері қандай?
Бастың ауырлауы, тез шаршағыштық, бастың айналуы – гипотонияның басты белгілері болып табылады. Кейде көңіл-күйдің төмендігі, ашушаңдык байқалады. Сырқат адам ұмытшақ болады, бірдеңеге ден қоя алмай қиналады. Біреудің самай тұсы, қарақұсы не төбесі солқылдап ауруы мүмкін. Бас айналу кезінде көзі қарауытып, қол-аяқтары мұздап, кейде есінен танып, талып қалады.
Бұл әсіресе отырған орнынан немесе төсектен атып тұрған кезде де жиі байқалады. Артериялық қан қысымы төмендегендіктен жүректің тынбастан жұмыс істеп тұрған бұлшық етіне оттегі жетпейді де инфаркт басталуы мүмкін.
Артериялық қан қысымының төмендеуінен жағдайдың өте ауыр күйге түсуін гипотониялық криз дейді. Мұндай кезде адамның құлағы бітіп, басы айналып, құсқысы келеді, қол-аяғы ұйып, бозарады, мұздай тер басады.
Гипотониядан сақтанудың жолдары
– Қан қысымы төмен адамдардың ұйқысы тәулігіне 7-8 сағаттан кем болмауы керек. Гипотониктер үшін ұйқы – ең жақсы дәрі. Ұйқысы қанбаған кезде олар ашуланшақ, ызақор, енжар ғана болып қоймай, естен тануға да бейім келеді. Төсектен тұрған уақытта біртіндеп, асықпай көтерілген дұрыс. Алдымен жатқан қалпыңызда керіліп, мұнан кейін біраз отырып алып,қана тұру керек. Ал таңертеңгілік жаттығуды төсекте жатып жасауға болады.
Аз-аздан жиі тамақтаныңыз. Шамадан тыс тамақтану гипотония дертін қоздырады. Себебі қанның барлығы ішке қарай ағады да, бастың қан тамырларына қорек жетіспей қалады. Сондықтан күніне 5-6 рет тамақтанған дұрыс.
Қан тамырларын нығайту үшін суық су құйынып, контрасты душ қабылдаған жөн. Бұл әрекеттерді күніне екі рет жасасаңыз, пайдасы да орасан зор болмақ. Суық және ыстық суды кезектестіріп жуыну денені шынықтырып, қан тамырларын дағдыландырады. Сонымен қатар тұрақты түрде моншаға не саунаға барудың да пайдасы зор. Күйзеліс, қобалжу да кері әсерін тигізеді. Өйткені гипотония орталық жүйке жүйесі қызметінің бұзылуына байланысты пайда болады.
Таңғы аста шай немесе күшті кофе, тұздалған балық, сары май, ірімшік жеген дұрыс.
Гипотониялық криз болған кезде қандай көмек көрсету керек?
Ауру адамның жейдесінің түймесін ағытып, аяғын сәл жоғары көтеріп жатқызып қояды;
Мұздай су бүркіп, бетін алақанмен шапалақтайды, сонда жүйкелері тітіркеніп, мидың қан айналысы жақсарады;
Мүсәтір спиртін иіскетеді;
Дәрігер келгенше кофеин, цитрамон, аскофен, қою шай немесе кофе беруге болады.