Сүйек-буын туберкулезі

Сүйек-буын туберкулезі — өте ауыр, созылмалы жұқпалы ауру. Ауруға шалдыққан адам көп уақыт жұмысқа жарамай, жарымжан, тіпті мүгедек болуы да мүмкін. Сүйек-буын туберкулезі адам организміне туберкулез ауруының қоздырғышы түскенде басталады. Ауру туберкулезбен ауыратын кісілерден, малдан, құстан жұғады. Туберкулез микробы адам организміне көбіне тамақ бездері және ішек арқылы әртүрлі жолдармен өтеді. Туберкулез ауруы шаң-тозаң арқылы және аурудың ыдыс-аяғы, киім-кешегінен де беріледі. Туберкулез микробы тыныс жолдары және тамақ ішкенде ауыз арқылы ішке кіріп, қан тамырларына түседі де, тіндерге, оның ішінде сүйек тіндеріне тарайды. Организмі онша өсіп жетілмегендіктен қорғаныс қабілеті нашар болғандықтан, сүйек-буын туберкулезімен әсіресе балалар көп ауырады.