Құлақтың құрылысы Құлақтың құрылымы Маңызы Адам есту мүшесінің көмегімен қоршаған ортадан әртүрлі дыбыстарды қабылдап, талдайды. Есту мүшесі дыбыстарды анықтап, ажыратуға көмектеседі. Адамдармен сөз арқылы қарым-қатынас жасайды. Еңбек майданында да есту мүшесінің алатын орны ерекше. Есту мүшесі дыбыс пен тепе-теңдікті сезеді. Құрылысы: есту мүшесі — құлақ. Құлақ 3 бөлімнен тұрады: сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақ. Сыртқы құлаққа құлақ қалқаны, сыртқы дыбыс жолы мен дабыл жарғағы жатады. Құлақ қалқаны ауадағы дыбыс толқындарын сыртқы дыбыс жолына бағыттайды. Сыртқы дыбыс жолдарының ішкі шеті жұқа, тығыз, керілген дабыл жарғағымен бітеді. Сыртқы дыбыс жолдары арқылы дыбыс толқындары дабыл жарғағына, содан соң ортаңғы құлаққа өтеді. Дабыл жарғағы сыртқы құлақты ортаңғы құлақтан бөліп тұрады. Ортаңғы құлақ дабыл жарғағынан кейін басталады және ол самай сүйегінің ішінде орналасқан. Ортаңғы құлақтың ішінде ауа болады. Ортаңғы құлақ қуысы есту түтігі арқылы жұтқыншақпен жалғасады. Адам есінегенде, жұтынғанда есту түтігінің өзегі жұтқыншаққа ашылады, жай уақытта жабық болады. Ортаңғы құлақтың қуысында бірімен-бірі буын арқылы байланысқан 3 дыбыс сүйекшелері (балғашық, төс, үзеңгі) орналасқан. Үшеуін косқандағы салмағы шамамен 0,05 г. Сүйекшелердің сырты сілемейлі қабықшамен қапталған. Балғашық, төс, үзеңгі деген атаулар пішіндері осы заттарға ұқсайтындықтан қойылған. Балғашық сүйегінің жіңішке шеті дабыл жарғағымен бітісіп кеткен. Жуандау шеті буын арқылы төс сүйекшесімен, ол үзеңгі сүйекшесімен қозғалмалы байланысады. Бұл сүйекшелер ортаңғы құлақтың қуысы арқылы дыбыс толқынын өткізеді. Дабыл жарғағының тербелісі алдымен осы үш сүйекке, содан соң сопақша кіреберіс арқылы ішкі құлаққа беріледі. Ортаңғы құлақ куысындағы қысым атмосфера қысымымен бірдей. Қысым кенеттен төмендеп немесе жоғарылап кетсе, құлақ бітеліп уақытша естімей қалады (әсіресе, бұл ұшақта отырғанда байқалады). Мұндай жағдайда жиі-жиі жұтыну керек. Адам жұтынғанда ортаңғы құлақ куысындағы қысым атмосферадағы ауа қысымымен теңеседі. Ішкі құлақтағы куыстар мен иірім өзекшелерден тұратын күрделі жүйені шытырман (лабиринт) деп атайды. Мұндағы шытырманның сыртқысы — сүйекті, ал ішкісі — жарғақты шытырман деп аталады. Шытырмандар — есту мен тепе-теңдік мүшелері. Сүйекті шытырманның ішінде жарғақты шытырман орналасады. Жарғақты шытырманның қабырғалары жалпақ эпителиймен қапталған жұқа дәнекер тақташадан (пластинка) түзілген. Жарғақты шытырманның ішінде лимфа сұйықтығы болады. Оралма тәрізді ширатылған ұлудене (иірім)— есту мүшесі. Бұл ұлудененің (иірімнің) қуысы сұйықтыққа толы болады. Дыбыс толқындары ішкі құлаққа өткен сәтте ұлудененің (иірімнің) ішіндегі сұйықтықтың тербелісін тудыра отырып, кірпікшелі жасушаларға (дыбыс рецепторларына) әкеледі. Кірпікшелі жасушалар механикалық тербелістерді жүйке импульстеріне айналдырып, ішкі құлақта орналасқан есту жүйкесі арқылы миға жеткізеді. Қозу есту жүйкесі арқылы ми қыртысының самай бөлігіндегі есту орталығына жеткізіліп, талданып жинақталады. Дыбыс толқынының таралу жолы: Дыбыс толқыны —» дабыл жарғағының тербелісі —» есту сүйекшелерінің тербелісі —» ұлуденедегі (иірімдегі) сұйықтықтың тербелісі —» есту рецепторының тітіркенуі —» жүйке қозу толқынының пайда болуы. Есту мүшесінің гигиенасы Есту мүшесінің қалыпты жұмыс істеуі алдымен тазалық сақтауға байланысты. Ол үшін құлақты сабындап жылы сумен жуып тұру керек. Әдетте, құлақтың сыртқы дыбыс жолының бездерінен құлық бөлінеді. Құлық шаң-тозаң мен зиянды микробтарды ішке өткізбей қорғаныштық қызмет аткарады. Дегенмен, құлақта құлық көбейсе, адам естімей, керең болып қалуы мүмкін. Сондықтан, құлықты ауық-ауық тазалап тұрған жөн. Құлақты тазалағанда қатты, үшкір заттарды пайдалануға болмайды. Өйткені, мұның нәтижесінде дабыл жарғағы зақымдануы мүмкін. Есту мүшесіне ішімдік өте зиян. Мас адам дыбысты естігенімен, кай жақтан шыққанын бағдарлай алмайды. Тәлтіректеп барып колайсыз жағдайға ұрынуы мүмкін. Есту мүшесінің күтімі Есту мүшесі — құлақ зақымданбауы үшін тазалықты сақтап қана қоймай, мынадай ережелерді де ұстанған жөн: Айқайлап сөйлемеу; Теледидар дыбысын қатты шығармау; Ұзақ уақыт бойы құлаққапта әуен тыңдамау; Құлаққапта әуенді қатты тыңдамау; Қатты шулы ортада ұзақ болмау; Құлаққа суық желдің кіруінен сақтану.