ЖИТС туралы нені білуіміз қажет?
Ешқандай ауру белгілері байқалмайтындықтан әсіресе вирус тасымалдаушылар өте қауіпті. Вирус көп мөлшерде қанда, спермада, қынап кілегейінде, емшек сүтінде болады. Көз жасында, жұлын сұйығында, сілекейде өте аз мөлшерде болуы мүмкін. ЖИТС вирусы сау адамға мынандай үш негізгі жолдармен жұғады:
1) Жыныстық қатынас арқылы
кездейсоқ жыныстық қатынас кезінде
жыныстық серіктестікті жиі ауыстырған кезде
мүшеқапсыз жыныстық қатынасқа түскен кезде
2) Қан арқылы
есірткіні қантамыр арқылы пайдаланғанда (ине, шприц және басқа құрал-саймандар, материалдар)
татиуровка, пирсинг, маникюр, педикюр жасату мен басқа шаралар кезінде (залалсыздандырылмаған ине, құралдар арқылы)
кездейсоқ жарақат алғанда қолданылған шприц инесінен дәрі егу кезінде
3) Тікелей
ауру анадан балаға жүктілік кезінде, босанғанда және емізгенде.
Вирус адам ағзасына ауыз қуысы сілекейлері, тері арқылы және инфекция жұқтырған адамдармен жеке гигиена заттарын бірге пайдаланған кезде тіс ысқыштар, ұстара, электро-ұстаралар және кесетін құралдар арқылы жұғады. Ал егер адамдар бір-бірімен қол алысып, құшақтасса, жөтелсе, түшкірсе, бассейнде және табиғи суда шомылса, ортақ ыдысты, асхана, төсек-орын жабдықтарын, ортақ әжетхананы және жуынатын бөлмені қолданса, шыбын-шіркей шаққан жағдайда вирус берілмейді.
ЖИТС ауруы күнделікті қарым-қатынас арқылы жұқпайды. ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы мамандарының айтуынша, науқасқа шалдыққан адамда алғашқы мезгілде үнемі себебі белгісіз қызу болып, басы айналып ауырады. Сонымен бірге буындары қақсап ауырады, теріге бөртпе шығады. Бүкіл дене бездері ісініп, адамның іші өтіп, арықтай бастайды. Ағзадағы ақ клетка төмендейді, лимфа клеткасы, қан пластинкасы азаяды, ауыз қуысында ақ дақ пайда болады. Оған қоса жүйке жүйесінің қызметтері бұзылып, тепе-теңдік сақтау қабілетінен айырылады. Міне, бұл өзгерістердің бәрі аталған аурудың алғашқы әрі негізгі белгілері болып табылады. Дәрігерлер қазіргі таңда АИТВ жұқтырғандарға жоғары активті антиретровирусты ем қолданылатынын айтуда. Ем арқылы науқастың ағзасында вирустың көбеюі тежеледі, аурудың өршуі тоқтайды. Соның нәтижесінде АИТВ жұқтырғандардың өмір сүру мүмкіндігі жақсарады, өмір жасы ұзарады.
Әркім аурудың қалай тарайтынын, одан қалай сақтану қажет екенін жетік білуі тиіс. Жеке бас профилактикасы да қарапайым әрі денсаулық үшін ұтымды. Оларға мыналар жатады:
салауатты, әдепті өмір сүру;
кездейсоқ жыныстық қатынастан және гомосексуалист, жезөкшелермен жақындасудан сақ болу;
стерильденбеген немесе кездейсоқ біреудің шприцін, қайшысын, сақал алғышын және басқа да құрал-жабдықтарын пайдаланбау;
әсіресе терісі, шырышты қабаттары зақымданған жағдайда бөтен біреудің қанымен, бөлінділерімен жанасудан абай болу;
мүшеқапты дұрыс пайдалану (ол ЖИТС-тен қорғайды);
қанқұйғанда немесе донор қанынан дайындалған препараттар қабылданғанда олардың АИТВ-ке тексерілгеніне көз жеткізу (ол үшін қолданылған қанның сериялық нөмірін жазып алыңыз);
маникюр, педикюр жасайтын құралдардың стерильдігіне көңіла удару;
ЖИТС вирусын жұқтырып алдым-ау деген күмәнді жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну.
Қазақстанда осы қауіпті ауруға қарсы күрес жүргізу мақсатымен мамандандырылған жаңа қызмет жүйесі құрылды. Оның құрамына республикалық, облыстық, қалалық ЖИТС-ке қарсы күресу және аурудың алдын алу орталықтары, диагностикалық лабораториялар мен анонимдік кабинеттер кіреді. Кез-келген азамат күдіксіз өмір сүру үшін, АИТВ-инфекциясының жұққан-жұқпағандығын анықтау үшін емханадан немесе ЖИТС орталығынан тегін және құпия түрде тексерілуіне болады.
Сіз бүкіл әлемді өзгерте алмайсыз, бірақ бүгін қай жерде болса да бір адамның жеке әлемін өзгерте аласыз. Дені сау адам ғана жарқын болашақ иесі екенін ұмытпайық! Өзіңіздің және туыстарыңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қараңыз! Ең бастысы осындай қауіпті індеттің бар екенін естен шығармай, жанымыздағы адамдарға естіп-білгенімізді насихаттап, барлығымыз жұмылып бірге күресейік!
-
-
-