View settings

Font size:
Site colours
Images

Settings

There is no translation available.

Заманауи медицинаның ең бір өзекті мәселесі – вирусты гепатит, оның шешімі барлық адамзат үшін маңызы зор. Барлық вирус түрлері де организмде ең маңызды ағза – бауырды зақымдайды. Қазіргі уақытта созылмалы гепатиттің бауыр циррозы мен бауырдың қатерлі ісігіне ұласуы өте көп кездеседі. В гепатиті кезінде өткір түрінің 10%-ы созылмалыға айналса, ал гепатит С кезінде 85%-ы созылмалы түріне ұласады. 10-20%-ы созылмалы түрімен ауыратын науқастарда одан әрі бауыр циррозы мен алғашқы бауыр қатерлі ісігіне алып келеді. Қазіргі кезде В вирусты гепатитін 300 млн. адам таратушы болса, ал С вирусты гепатитін таратушылар 500 млн. адамды құрайды. Дүниежүзінде бауыр циррозы мен бауырдың қатерлі ісігінен жыл сайын 1 млн. адам көз жұмады.
Жұғу жолдары:
Аурудың таралу, жұғу механизмінің әртүрлі болуына байланысты гепатит түрлері 2 топқа бөлінеді: энтеральды (ауыз қуысы арқылы) – А, Е гепатит түрлері және парентеральды (қан арқылы) жұғу - В; Д; С; G гепатит түрлері.
Гепатит «А»: - тұрмыстық қатынас жолымен – жеке бас тазалығы сақталмағанда, лас қол, ыдыс, ойыншық, тұрмыстық заттар арқылы; - су арқылы – лас суға түскенде, абайсызда су жұтып қойғанда және вируспен ластанған суды ішкенде; - тамақ арқылы – жуылмаған көкөніс, жеміс-жидек жегенде.
Гепатит «Е» су арқылы
Гепатит В, С, Д, G:
• жарақаттанған тері, шырынды қабық арқылы егер вирус «тасымалдаушымен» тығыз қарым-қатынаста болса, (маникюр, педикюр, жиынтығы, тіс щеткасы және басқа да жеке бас гигиена құралдарын ортақ пайдаланған жағдайда);
• қан құйылған кезде не одан дайындалған дәрілік заттарды пайдаланған кезде;
• жыныстық қатынас арқылы;
• кез-келген манипуляция жасау кезінде дұрыс, сапалы өңдеуден өтпеген медициналық бұйымдар арқылы;
• парентеральды жолмен наркотиктер қабылдағанда;
• сұлулық салоны мен шаштараздарда маникюр, педикюр, татуаж, татуировка жасатқанда егер санитариялық ережелер дұрыс сақталмаса;
• баланы сүндетке отырғызғанда;
• ауру анасынан туу жолдары арқылы нәрестеге жұғады.


Инфекция көзі:
• гепатит А, Е – ауру адам;
• гепатит В, С, Д, G – ауру адам және вирус тасымалдаушы (вирусоноситель).

Гепатит А түрінің ерекшелігі:
• көбінесе 14 жасқа дейінгі балалар (96,6%) ауырады;
• жиі кездесетін түрі;
• дер кезінде дәрігерге қаралып, емделсе, толығынан айығады;
• жаз аяғы мен күз айлары қыркүйек–қараша аралығында ауру саны өседі.

Гепатит Е түрінің ерекшелігі:
• тек су арқылы жұғады;
• Қазақстан жерінде кездеспейтін түрі, белгілі бір эндемиялық аймақтарда, Оңтүстік және Орта Азия, Африка, Мексика елдерінде өте жиі кездеседі;
• аяғы ауыр әйелдер ВГЕ-ге шалдықса, өте ауыр өтеді;
• жаз мезгілінде ауру саны өседі;
• су арқылы жұғатындықтан бір мезгілде көп адам ауруға шалдығады.

Парентеральды гепатит түрлерінің ішінде өте жиі кездесетін түрлері: ВГВ, ВГС. Егер ауру дер кезінде дұрыс емделмесе, ВГВ түрінде 10%-ы созылмалы түріне ұласады, ал вирус гепатитінің С түрінде ауруға шалдыққандардың тек 15%-ы толығынан айығады, қалған 85%-ы созылмалы түріне ұласады, әрі қарай бауыр ісігі, циррозға әкеліп соғады. Сондай-ақ гепатиттің бұл түрлерінде вирус тек бауыр емес, басқа ағзаларда өсіп, көбейеді, зақымдайды, көкбауыр, қарын асты безі, қан жасушаларында және т. б.
Сонымен қатар вирус организмге түскеннен кейін аурудың инкубациялық кезеңі ВГВ-да 2-6 ай, ВГС – 6 айдан 2 жылға дейін, яғни өте ұзақ.

Вирус гепатиті түрлерінің клиникалық белгілері:
• әлсіздік, тәбеттің нашарлауы;
• жүректің айнуы, кейде құсу;
• дене қызуының 38,50 С және одан да жоғары көтерілуі;
• оң қабырға астының ауруы;
• зәр түсінің қоюлануы;
• нәжістің түссізденуі;
• көз ішінің , таңдайдың, кейінірек қол, аяқ және бүкіл дене терісінің сарғаюы.

А вирусты гепатиттің балалар арасында жұқтыру қауіпін кейбір зиянды әдеттер ұлғайта түседі:
• тамақты бөлісу, бір бөтелкеден су ішу, бір сағызды шайнау;
• кітапты парақтағанда саусақты шылау;
• қарындаш, қалам, тырнақты тістеп, ауызға салу.

Гепатит түрлерінің арнайы алдын алу шаралары:
Гепатит түрлеріне қарсы вакцинамен егу гепатиттің тек 2 түрінде жүргізіледі: А және В түрінде.
Гепатит А-ға қарсы:
• екі жастағы балалар;
• АВГ ошағында байланыста болған күннен бастап алғашқы екі аптаны қоса алғанда он төрт жасқа дейінгі байланыста болған адамдар;
• он төрт жасқа дейінгі балалар, В және С созылмалы вирустық гепатиттерімен ауыратын ремиссия кезеңіндегі науқастар егіледі. Егу курсы арасына 6 ай салып, 2 рет егіледі.

Гепатит В түріне егілуге тиісті контингенттер:
• нәресте дүниеге келгенде 12 сағат ішінде, 2, 4 айлық жасында;
• барлық медицина қызметкерлері;
• вирусты гепатит В ауруы ошағындағы отбасы мүшелері;
• қан, оның компоненттері мен препараттарын құйдыртқан – реципиенттер.
• алғаш анықталған АИТВ инфекциясын жұқтырғандар;
• жиілікке қарамастан гемодиализге және тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауға жататын алғаш адамдар;
• онкогематологиялық науқастарға вакцинациялау жүргізіледі.

Басқа да алдын алу шаралары:
• дәретханадан соң тамақтанар алдында қолды сабындап жуу;
• тек қауіпсіздігі анық немесе қайнатылған су ішу;
• көкөніс пен жеміс-жидекті мұқият жуып, жеу;
• тек шомылуға болатын жерлерде суға түсу (шомылғанда суды жұтып қоймауды қадағалау);
• жеке бас тазалығына арналған заттарды тұтыну (орамал, бет орамал және т.б.);
• ыдысты, үй-жай, мектепті таза ұстау;
• салауатты өмір салтын ұстану;
• сұлулық салоны мен шаштараздарда маникюр, педикюр, татуаж, татуировка жасатқанда әр тұтынушыға жеке құралды қолдану, санитариялық ережелерді қатаң қадағалау.