Құтыру ауруы - орталық жүйке жүйесінің зақымдалуымен, жұтқыншақ пен тыныс алу бұлшықеттерінің тартылуымен бірге жүретін жұқпалы ауру.
Құтыру ауруының вирусы иесіз қаңғыбас ит, мысықтарға жабайы аңдармен таласқанда жұғады. Ал адамдарға ауру жануарлар тістегенде, тырнағанда және сілекейлегенде жұғады. Жұғу көзі көп жағдайда итттерден 60-70 пайызда жұғады.
Жабайы жануарлар құтыру ауруымен - қасқыр, түлкі, борсық, аю, тиін және басқалар жиі ауырады. Олардан үй жануарлары мен адамдар тістеу,тырнау, сілекеймен жұқтырады.
Адамға мынадай жағдайларда жұғуы мүмкін:
Ауру жануар тістегенде, вирус сілекейімен бірге жараға енеді.
Егер сілекей көздің, мұрынның, ауыздың, зақымдалған терінің шырышты қабығына түссе.
Жануарлар тістеп, тырнап, сілекейлегенде мына шараларды орындау қажет:
- Жараны көп мөлшерде ағынды сумен және сабынмен жуыңыз.
- Йод тұнбасын жараға тамызыңыз.
- Стерильді бинтпен ораңыз.
- Дереу медициналық мекемеге барыңыз.
- Құтыру ауруын алдын алу және қорғану шаралары
Иттерді, мысықтарды және басқа жануарларды ұстау ережелерін қатаң сақтаңыз және жыл сайын құтыруға қарсы вакцинациялаңыз.
Жабайы және қаңғыбас үй жануарларымен жанасудан аулақ болыңыз; тек құтырумен ғана емес, басқа да қауіпті аурулармен ауырмау үшін балаларға осыны түсіндіріңіз.
Жануарлардың ерекше мінез -құлқында немесе үй жануарларының агрессивті мінез -құлқында сақ болыңыз және бұл туралы санитарлық қызметке хабарлаңыз.
Кез келген жануар тістеген жағдайда дереу дәрігерге қаралыңыз.
Құтырудың белгілері ( клиникасы):
Аурудың басталу кезеңі 1-3 күнге созылады. Үрей және қорқынышпен сипатталады. Аурудың жалпы жағдайы нашарлайды, басы ауырады, дене қызуы 38-40 көтерілуі мүмкін. Науқас селсоқ болады, қорқынышты түстер көреді. Ұйқысыздық пайда болады. 2-3 күннен кейін тынышсыздық пайда болады. Жүрек соғуы мен тынысы жиілейді, тыныс алу және жұтыну қиындайды, кейіннен су көрсе немесе су деген сөзді естігенде судан қорқу (гидрофобия) ұстамасы пайда болады. Ауру су іше алмайды. Жарықтан қорқады. Ауруда ауа қозғалысынан қорқу белгілері (аэрофобия) пайда болады. Ауру желпігенде пайда болатын желден де қорқады. Осы кезеңде ауруда сандырақтау және есту, көру галлюцинациялары пайда болады. Адамды қинайтын сілекей ағу және қатты терлеу мазалайды. Науқас ұстама кезеңінде тыныс алудың және жүректің тоқтауынан қайтыс болады.